Қызыл жебе
Орындаған: Ғали Ертілек
Бұл роман-трилогия Қазақстанда Кеңес үкіметін орнатуға белсене ат салысқан аса ірі қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың өмірі мен туған ортасын, революциялық қызметін көрсетуге арналған. Трилогияның алғашқы кітабында жазушы Тұрардың балалық шағы мен оның әкесі Рысқұлдың өміріне тоқталады. Рысқұл өмір сүрген кезең 1905 жылғы орыс революциясының «Қанды жексенбі» оқиғасымен тұстас еді. Бұл оқиғаның әсері ішкі Россиядан тысқары аймаққа да тие бастаған.
Романға өзек болған сюжетке келсек, өткен ғасырдың соңында Түлкібас аймағының Ақсу-Жабағылы маңындағы Майлыкент болысында қоныстанған Шымырлардың бір атасы Шілмембеттерден шыққан кедей Сәліктердің бір тобын Рысқұл бастайды. Рысқұл Шығыс Талғар болысына көшіп келіп, онда Дулаттың бір баласы – Жаныстан шыққан Саймасай болысты паналайды. Батыр тұлғалы ер жігіт Рысқұлды түрлі сұмдыққа-ұрлыққа жұмсап, ақыры жаламен айдатып жібереді. Бұл қорлыққа қатты ызаланған Рысқұл түрмеден қашып шығып, Қараш шатқалында Саймасай болысты атып өлтіреді де, кейін жазаланып, Сібірге жер аударылады. Бұл кезде Рысқұлдың баласы Тұрар он жаста болатын.

Үміті, болашағы, тірегі жалғыз баласы Тұрарға басынан кешкен барлық жағдайды айтып, өзінің кім екенін түсіндіріп, санасына құйып кетеді. Байлардың зорлық-зомбылығын, әке жанының қиналысын көріп өскен жас Тұрар әділетсіздікке жаны қас, бірбеткей алғыр боп өседі. Автор негізгі оқиға желісін Тұрардың өскен ортасын, шыққан тегін, жазықсыз айдалып бара жатқан әке кегін суреттеуден бастайды.
Роман
Кейіпкерлер
«Тұрар енді бір жиырма жылдан кейін ұлы жазушымен дос болып, өз әкесінің басынан өткен шытырман шындықты оған, арман ағысындай етіп айтып берер. Содан барып «Қараш-Қараш» туар…». (Шерхан Мұртаза. Жеті томдық шығармалар жинағы. 1-том, «Қызыл жебе», роман, 235-бет).
Бірінші кітаптың басты кейіпкері – Рысқұл. Жазушы үшін ол ерен сүйікті образ, оның аузына «Менің жүрегімде түк бар. Бірақ сол түкке қырау тұрып қалған. Пендеге пенде болып жүргенімде ол қырау ерімейді» деген сөз салады. Бұл – Рысқұлдың қылмыскер ретінде вице-губернатордың алдында қасқайып отырып жауап берген сөзі. Тұрардың әкесі аюмен алысқан, небір қияметтен аман өткен нағыз ер ретінде суреттеледі. Фольклордан шыққандай романтикалық кейіпті Рысқұл.
Қазан төңкерісіне шейінгі қазақ тұрмысының нақты суреттелінуі – романның үлкен жетістігі. Мешеу қалған ел өміріндегі күштінің әлсізге зорлығы, ал бұл ағайыншылыққа қарамайтын қара ниет қиянаттан шығар дүлейлік екенін Рысқұлдың Түлкібастағы атамекенінен 20 үй өз ағайынымен ауа көшуі растайды. Рысқұлдың туған ағасы Бердіқұлды жер мен суға таласып жазықсыз өлтірген, ұрдажық, шаш ал десе бас алатын сойыл соғар шабармандары көп Дауылбай болыс түбі бір туыс, шежіре тарқатса, Шымыр, соның ішінде Сәлік атасынан тарайды. Бірақ мынау фәни дүниенің ырқын байлық пен билік билеп тұрады екен. Осынау кеселдің бәрі отаршылдық, өз еркі өзінде жоқ, орыстың оязына бағынған қазақтың болыстық-әкімшілік жүйесінің қаншалық осал, парақор, жарамсақ, имансыз, зәбіршіл, кісі өлтіруден тайынбас сұмпайы екенін жазушы нақты іс-әрекет, қимыл, мінез-құлық қақтығысы, әлеуметтік ымырасыздық арқылы бере алған.
Романның үлкен жетістігі
«Қызыл жебе», романның бірінші томы тегіс Тұрардың әкесі Рысқұлға арналған. Рысқұл болмаса, Тұрардай қайраткер, күрескер ұл тумайды, соның үшін әкенің рөлі айрықша дәріптелген. Бұл ретте Шерхан Мұртазаның қалам таңбасында ұлттық әдебиеттің ауыр жүгін Толағайдан бетер бір өзі арқалағанда ауырсынбаған кемеңгер классик жазушы Мұхтар Әуезовтың игі ықпалы тиюі заңды құбылыс. Өйткені, қазақ прозасындағы роман жанрының бастауында тұрған ірі эпопея – «Абай жолы» кейінгі қазақ жазушыларының баршасына ықпалын тигізгені қылаусыз шындық.


«Қызыл жебе», романның бірінші томы тегіс Тұрардың әкесі Рысқұлға арналған. Рысқұл болмаса, Тұрардай қайраткер, күрескер ұл тумайды, соның үшін әкенің рөлі айрықша дәріптелген. Бұл ретте Шерхан Мұртазаның қалам таңбасында ұлттық әдебиеттің ауыр жүгін Толағайдан бетер бір өзі арқалағанда ауырсынбаған кемеңгер классик жазушы Мұхтар Әуезовтың игі ықпалы тиюі заңды құбылыс. Өйткені, қазақ прозасындағы роман жанрының бастауында тұрған ірі эпопея – «Абай жолы» кейінгі қазақ жазушыларының баршасына ықпалын тигізгені қылаусыз шындық.
Негізінде, жазушы Рысқұлды сүйіспеншілікпен суреттейтіні сонша, оның бір бойында әлем жаралғалы дүниежүзі халықтары әспеттейтін барша романтикалық кейіпкерлердің мінезі, қаһармандық тұлғасы қосылысып кеткен. Рысқұл бейнесінде орыс, ағылшын, парсы, қазақ, үндіс, т. б. мықты әдеби персонаждардың қосындысы тоғысқан. Рысқұлдың сотталып, итжеккенге, Сібірге айдалған тұстарын суреттеуде башқұрттың ұлттық батыры Салауаттың рухы қайта-қайта жаңғыра бермегі де соның айқын белгісі. Рысқұлдың әйелі Ізбайша декабристердің әйелдері сияқты ерінің артынан кетуге пейіл: «Етегінен ұстап жүрсем Барсакелмеске кетуге де разымын» (216-бет).

Саймасай – Қызыл жебедей көз құрты, көңіл жегісіне айналған қас жүйрікті сіңіре алмасын ұққанда қызғаныштың қара иіріміне батып кетеді. Рысқұлға ұрлатып алып, жүйрікті дереу бауыздатып жібереді. Сонда барып ер Рысқұл қандай қиянатқа белшесінен батқанын түсінеді, араша түсуге үлгере алмай қалады. Құлагер феномені оның құрбандыққа шалына беретінінде болып тұр. Расында, осы бір ащы шындық жануарлар үшін ғана емес, адамдар арасында әбден бекіген ақиқат. Бір ғана мысал: қазақтан дара туған бұлбұл әнші Күләш Байсейітованың тағдыры тура осы халды қайталайды. Артық туған, өнері құдіретті болғаны үшін Күләш күншіл әріптестер тарапынан бақталастықтың құрбанына айналды.
Қызыл жебенің өлімі – қазақ даласындағы жаңа бір қанды кезеңнің басына айналды. Ендігі құрбандықтар жылқылармен қатар адамдар боларына анық берілген белгі. Романда Рысқұлдың Қызыл жебенің қаны үшін кек алып, қанға – қан, жанға – жан деп ант беріп, жылқының құнын адаммен алатын тұсы өте нанымды мезет. Қызыл жебе – киелі жануар, оның асыл қаны Саймасайды ұзаққа жібермей, өлімге бастады.
Болыстық, бағландық – әділетсіздіктің өзегі болып шықты. Баяғы дара билер, қара қылды қақ жаратын дана билер заманы келмеске кеткен екен. Ендігінің болысы қандай аяр боларын Абай әсіре әшкере қылды.
«Қызды-қыздымен Тұқымбай да бармағын басып қалды. Рысқұлда кегі кеткендіктен емес, болыстардың тізімінде жүргенді үлкен ырым етіп, ішінен: «Е, әруақ, қолда, қолда, қолда!» – деп үш қайталады» (118-бет).

Бізбен байланыс
+7 778 362 3075
Almaty, Kazahstan
This site was made on Tilda — a website builder that helps to create a website without any code
Create a website